“Мұқағали” журналы – мұқағалитану бастауы

0
331

Ақын атын алған басылым “Егеменде” қонақта

* * *

«Ақ мәрмәрға оюлап жыр қашайын!.. Өлмей­тінін уақыт дәлелдеген, Құдірет қой, құдірет өлең деген… Ардақтыны аңсаған ата қазақ, Қуатына сүйінді арлы ұлының», деп Абай туралы өзі айт­қандай, қазақ жырының қазіргі белді өкілі Батық Мәжитұлы бүгінде алты белестің биігіне көтеріліп отыр. Ол өлеңді аз жазады. Бірақ, сол аз жырының өзі Хан Тәңірдің баурайынан мөлдіреп аққан тас бұлақтың суындай сарайыңды ашып, санаңды кеңітеді. Тереңнен тамыр тартқан ойлы өлеңдердің сырлы шумағын ақын қара сөзбен ұштастырып келеді. Бас басылым «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет атқарғанда оның жазған алуан тақырыптағы мақалалары жұрттың көңілінен шыққанына куәміз.

Қазір Батық Мәжитұлы «Мұқағали» журналының бас редак­торы. Ақиық ақынның артында қалған мұрасын жаңғыр­тумен қатар, әдебиет әлемінің сан саласы бойынша да кемелді дүние­лердің жариялануына ұйытқы болуда. Әріптесіміздің алты белесімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.

* * *

АЛТЫНШЫ ҚЫРҒА АЯҚ БАСТЫ

Республикаға тарайтын әдеби-мәдени, та­ным­­дық “Мұқағали” журналы ақын мұ­ра­сын ұлықтауда айтарлықтай қызмет ат­қарып келе жатқаны белгілі. Қазір ол қалың бұқараның қажетіне жарап, оқыр­манның назарын өзіне аударатын белді басылымға айналды.

Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойы ата­лып өтер тұста басылымның бас ре­дакторы Батық Мәжитұлына жолы­ғып, әңгіме­лесу­дің сәті түсті.

– Журнал шығару идеясын қолға ал­ғанда, ең алдымен қандай мақсатты көз­де­ген еді­ңіз­дер?

– Ақын қалдырған қазына – ұлттың рухани байлығы. Байлықтың қадіріне жету міндетіміз бен парызымыз. Ақын атындағы басы­лымды шыға­рудың себебі осындай мұрат­тардан сабақ алады де­­сек, теңеуім дұрыс болатын шығар деп ой­лаймын.

– Бір адамның атын алған журнал шы­ғару оңай емес шы­ғар. Сіздердің бастауын бастап алып, тұйыққа тірелгендей сәтті бастан кешірген кездеріңіз болды ма?

– Өте дұрыс айтасыз. Журналдың бір адамның атымен аталуы оны шығару­шы­лар­дан өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан алда болуға тиісті қиындықтарды күні бұрын болжадық. Соған сай қам жаса­дық.

Абзалы сол, Мұқағали арқылы көрініп қа­лайық деген аласа ниет бізде болған жоқ. Қал-қадерінше мұқағалитануға өз үлесімізді қос­сақ дедік.

Журнал ай сайын жарық көреді. Бүгінгі таңда журналдың 63 нөмірі оқырманға жол тартты. Барлық басылымның түгелге жуығы, түгел болмаған жағдайда 70 пайыздан астамы тек ақынға қатысты материалдармен маз­мұндалады. Биылғы жылды пошта және баспасөз ұйымдары бойынша нақты жазыл­ған 9000 оқырманмен бастадық. Қуанышты көрсеткіш!

– Ақынның 80 жылдық мерейтойын өткізуге журналдың да араласы бар шы­ғар. Бұл жөнінде нені айтқан болар едіңіз?

– Байқағанымыз, “Мұқағали” журна­лы­ның шығуы бүгінгі үлкен мерейтойлық та­қырыпқа аз әсер етпеген секілді. Ойға ой қос­қанының өзі үлкен үлес. Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетов мырзаның журнал жұ­мыстарына ілтипатпен көз салуы соның бір дәлелі. Ол кісі шығар­машылық ұжыммен пікірлесіп, біраз мәсе­лелерді талқылады. Ме­рей­тойды ұйымдас­тыратын жұ­мыс­шы тобы­на журнал қызмет­керлері де қо­сылды. Ең бастысы, мерейтойға әзір­ліктің күні бұрын қолға алы­нуы қам­тамасыз етілді. Ақын то­йының тәуелсіздікті ны­ғайтып отыр­ған ха­лыққа, ұлтқа тигізетін рухани пайдасына көңіл бөлінді.

– Басылымның тара­лы­мы жыл­дан жылға өсіп келе жат­қа­нын айт­ты­ңыз. Бұ­қаралық қол­дау­ға ие бола бастауы­ның негізгі сы­­ры неде деп ойлай­сыз?

– Біз оу баста, жұ­мыс­ты қолға алған кезде, “Абай” журналының әдіс, тәсілде­рін өзімізге үлгі са­­надық. Сөйте тұра, жур­­­нал­дың өзі­не тән бет-бей­несінің бо­луын да мық­­тап ескердік. Яғни, қалың бұ­қа­раның оған көп­теп қа­тысуын назарда ұстадық. Нәтижесі жаман болған жоқ. Ай­тулы ға­лымнан ауыл­дағы аға­йын­ға дейін ортақ жұ­мысқа ат­салысты. Мұ­қа­ғали тура­лы ой-тол­ғам­дар, көзқарас­тар мен пікірлер, естеліктер мен әңгі­мелер алуан қы­рынан сөз болып, олар бірін-бірі толықтыру үдерістеріне ұлас­­ты. Ақын туралы де­рек­­тердің былай­ша түген­делуі оқыр­ман­дардың қы­зы­ғушылығын туғыза ал­ды деп айтуға болады.

Журналға айдарлар таң­дағанда біз Мұқа­ға­ли­дың өз тіркестеріне жү­гін­дік. Мәселен, “Қы­­­ран­­быз, қы­ран­дар­дан жа­­­­ра­тылған”, “Ай­на­ла­йын ата­мекен, ақ мекен”, “Бә­рі есімде, бә­рі де емес бөтен”, “Біз деген дос­тым, тағ­­дыры қызық ха­лық­пыз”, міне, осы тек­тес болып әрі қарай жал­ғаса береді. Со­ны­мен қатар, осы маз­мұн­да­ғы жарияланған мақа­ла­лар ақын ой­ла­рын ашып көр­­сетуге де өзін­дік себін тигізіп келе жатыр.

“Бар екен, бар екен ғой жақсы адамдар” деген айдармен ақын өмі­рінің өріс алуына ық­палын тигізген адам­­дар жайлы сөз еттік. “Ұлы ақынды ұлық­таған тұл­ғалар” деп ақын мұ­ра­сын наси­хаттауға үле­­сін қос­қан қайрат­кер­лер мен қа­лам­герлерді тол­ға­ныс­тар мінберіне ша­қыр­дық. Айта берсек, мұн­­дай мақала­лар аз емес. Бәрі жур­нал­дың мазмұнды шы­ғуына ық­па­лын тигізіп жат­қан зиялы шаралар. Сол сияқты, “Мұ­қа­ға­ли” эн­ци­кло­педиясының па­рақ­­тары” деген айдар аштық. Ондағы мақ­са­тымыз – болашақта жасалу­ға тиісті энци­кло­педияның бастама­шыл­дық үлгісін көр­сету. Мұндай ғылыми кітаптың шығуы үшін толыққанды дайындық қажет.

– Жақында “Мұ­қа­ға­литану бастауы” деген сериямен үш кітап шы­ғыпты. Осы жұмыс­тардың да мәнісін түсін­діре кет­се­ңіз.

– Аталған үш кітапты журналдың бес жылдық қызметінің жиынтық кө­рі­нісі деп бағалауға бо­лады. Ақын туралы зерттеулер бір том. Екінші томы естеліктерге арнал­ды. Үшінші кітапқа – Мұ­қағалиға арналған өлең­дер, ақын жырларына шыға­рылған әндер, ақын бейнесін сомдаған пьесалар топтасты.

– Мұқағалитану орталығы құрылса деген ой айтып жүрсіздер. Сол ниеттеріңізді, мақсат, мұрат­тарыңызды қалай түсін­дір­ген болар едіңіз?

– Мұқалитану орталығы құрыла ма, құрылмай ма, ол бөлек әңгіме. Алайда, біз сондай идеяларды жұрттың назарына ұсы­нуға тиістіміз. Кейде осын­дай әңгіме айтсақ, мә­селенің түпкі мәнін түсінбей қалған аға­йын­­дар да аз емес…

Ал енді, әңгіменің ақиқаты қайсы деген сауалға келейік. Мұқағалиды біржақты мақ­тай берумен біз ақын ғибараттарына кенеле алмаймыз. Ақын жырын жаттап алу жа­рыстары да терең­дерге бойлат­пайтыны анық. Мұндай жұмыстарды орындау үшін жанды қинайтын күрделі ізденіс­тердің қажеттілігі де шамалы. Әрине, аталған шаралар ақынға назар аудару үшін керек. Бірақ, биіктеп бара жатқан уақыт талаптарына сай келуге олар аздық етеді.

Мұқағали өлеңдерінің өнегесін, өрнегі мен сұлулығын, әсері мен ықпалын кәдімгі жұмбақ шешкендей шешіп, олардың мәнісін биік өремен қабылдап, дүниені парақтауға білік пен білімді қызмет еткізсек қандай жақ­сы! Мұқағали таны­мына жақындап барған қазақ­тың ұрпағы ешкімнен ұтыл­майды. Міне, осындай тәрбиені бойға дары­татын үлкен орда, әлгі біз айтып жүрген орталық болуы керек. Ғылыми зертханалар құрылып, ақын мұ­расы ғылыми тұрғыдан сараланса, кімге пайда, кімге зиян. Оны өздеріңіз таразы­ла­ңыздар. Бүгін болмаса да ертең осы мақсат­тардың жүзеге асқа­нына куә болатын шығар­мыз деп топшылаймын.

– Журналдың келешегі туралы қандай болжамдарыңыз бар?

– “Біреулерден жүргем жоқ арту үшін” деп ақын ағамыздың өзі айтқандай, біз де журнал шығару арқылы ерекшеленейік деп жүрген адамдар емеспіз. Ақын мұрасы – пәк, таза, тұнық. Оны ұстау үшін жүректі тазартып, пейілді кеңей­тіп жұмыс істеу қажет. Киелі ақынның рухы киепатсыздықты жақтырмай­ды. Екіншіден, “Мұқа­ғали” журналы халық­тық сипатымен ерекшеленетін басылым. Ол ешқандай жекешеленуге көнбейді. Парасат­тың осындай ережелері сақталатын болса, басы­лымның болашағына шек келтіре ал­маймыз.

Мына қызықты қараңыз, журналдың атын алып отырған Мұқағали Мақатаев та күні кешегі “Егеменнің” тілшісі екен. Журналды алғаш болып қонаққа шақырып отырған да “Егемен”. Бұл үйлесімді біз тек жақсы ырымға баладық.

–       Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Пікір жазу